Бүгінгі таңда Қазақстандағы білім беру жүйесінің түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырып жатқандығы баршамызға белгілі. Оның өзіндік себептері де жоқ емес: 1). Әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу елдегі білім беру жүйесінің қатардан қалмауын, тіпті алдыңғы қатарға шығуын талап етіп отыр; 2). Саналы әрі білімді қоғамды қалыптастыру үшін, саналы, білімді, функционалдық мүмкіндігі мол, креативті ойлайтын адамдардан құралған қоғамды жасақтауымыз қажет; 3). Ғылым мен технология өте қарқынды дамып келе жатқан заманда, оған ілесу үшін білім беру үрдісінің де қарқынды түрде жұмыс істеуі талап етіледі және т.б.
Дегенмен, жоғарыда аталып өтілгендерді жүзеге асыру жолында қазақстандық білім беру жүйесі кез болып отырған кедергілер де жоқ емес:
Менің тарапымнан бүгін қозғалғалы отырған мәселе де осы бала санының тапшылығы жағдайында мектептерде заманауи талапқа сай білім беру үрдісін қамтамасыз ету мүмкіндігі төңірегінде болмақ. Себебі, шағын жинақталған мектептер – қазақстандық білім беру жүйесінің ажырамас бір бөлігі. Оның өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Ауылды жерлердегі ШЖМ қазіргі ахуалы мен жұмыс деңгейі сол ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, мәдени-білім деңгейіне, тіпті, демографиялық мәселелеріне де әсерін тигізбей қоймайды. Қазір елімізде кеңінен орын алып жатқан урбанизация жағдайында, жұртшылықтың қалалы жерлерге, қала маңындағы елді мекендерге үдере көшуінің салдарынан, әсіресе, еліміздің солтүстік облыстарында, оның ішінде, мен өкілі болып табылатын Солтүстік Қазақстан облысында, көптеген елді мекендер қаңырап бос қалды, қаншама ауылға осындай қауіп төніп тұр. Үш қабатты, екі қабатты етіп салынған, бір кезде тамаша жұмыс істеп тұрған қаншама мектептер жабылды, қазір олардың ғимараттары бос тұр. Мұндай қауіп басқа да жағдайы осы тектес мектептердің басына төнбесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Міне, осындай жағдайды ескеретін болсақ, шағын жинақтаулы мектеп мәселесінің өте күрделі, адами факторларға тығыз байланысты және көп еңбек етуді қажет екендігін түсінуге болады. Бұл – бір мектептің ғана қолынан келетін іс емес, оған ел болып, әкімшілік болып, аудан, тіпті облыс, республика болып ат салысу қажет. Әрине, мұғалім ретінде біз де осы бағытта көптеген жұмыстар жүргізудеміз. Біздің қолымыздан келетіні – осы шағын жинақтаулы мектепте білім алып жатқан балаларға заманауи білім мен тәрбие беру, оларды қалалы жерлердегі, аудан орталықтарындағы құрбы-құрдастарының қатарынан қалдырмау. Шағын жинақтаулы мектептерде параллель сыныптар жоқ, бала саны көп дегенде 10-15 оқушыны құрайды, 2 және 3 баладан құралған сыныптар да бар, кейбір сыныптарды, тіпті, біріктіріп оқытуға тура келеді. Қоғамда төмендегідей пікірлер қалыптасқан: а) бала саны аз шағын жинақтаулы мектептерде білім беру өте оңай, 20 балаға сабақ беру мен 5 балаға сабақ беру дегенді бір-бірімен салыстыруға келмейді; ә) балалармен 45 минут көлемінде көптеген жұмыстар жүргізу мүмкіндігі бар; және т.б. Бірақ, шынтуайтқа келгенде, олай емес екендігін, біз ШЖМ жұмыс істеп жүрген педагог қызметкерлер күнделікті жұмыс барысында көріп жүрміз. Біріншіден, сыныптағы саны аз балалардың бәрі бірдей жақсы қабылдайтын, жақсы оқитын бала болмауы мүмкін, көпшілік ішінде білінбей кетуі мүмкін мұндай ерекшеліктер ШЖМ жағдайында көзге анық көрініп тұрады, мұғалім барлық уақытын дерлік солармен жұмыс істеуге жұмсайды. Екіншіден, оқушысы көп сыныпта балалармен еркін әңгімпе-сұхбат құра отырып, сабақты әр түрлі формада өткізуге мүмкіндік болатын болса, ШЖМ жағдайында 2 немесе 3 бала сабақ тақырыбына байланысты мұғалімнің көңілінен шығатындай пікірталас тудыра алмауы мүмкін. Үшіншіден, екі сыныпты қосып оқыту кезінде, 45 минуттың ішінде екі сыныптың бағдарламасын оқушыларға игертіп шығу – мұғалімнен өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етері сөзсіз. Төртіншіден, әр түрлі ғылыми жобаларға, жарыстар мен конкурстарға қатысуға дайындық барысында мұғалім де, оқушы да көптеген қиындықтарға ұшырайды: Интернет толыққанды жұмыс істемейді, кітапхана қорында бізге қажетті материал болмауы мүмкін, әр түрлі заманауи көшіру, басып шығару, әрлеу құрылғылары ауылды жерлерде жоқ, ілгері жерге бару үшін кедергі болып тұрған жол мәселесі тағы бар (солтүстік өңірлерде қысты күндері жолдарды қар алып қалады, көктем мен күзде көлік жүре алмайтындай езіліп кетеді). Мұндай қиындықтарды көптеп санап беруге болады, біз тек ең маңызды дегендерін айтып отырмыз.
Осындай қиындықтарға қарамастан, біз, ШЖМ мұғалімдері, көптеген мәселелерді шешіп келеміз. Біздің тарапымыздан төмендегідей басымдықтар анықталып отыр:
Жаңалықты мекеменің сайтында қарау